Шымкентте полицей бойжеткенді ішінен ұрып құлатты
Келеңсіз оқиға бүгін таңертең қаладағы дәмханалардың бірінің алдында болған. Куәгерлер түсірген бейнетүсірілімде көрсетілгендей, бес полицей бір жігіт пен екі бойжеткенді дәмхананың алдында күштеп көлікке отырызғысы келген. Алайда көліктің ішіндегі оларға қарсылық танытады. Оған көмектеспек болған бойжеткенді тәртіп сақшыларының бірі ұрып жіберген.
Бұл соққыдан кейін бойжеткен ішін ұстап, отырып қалғаны түсірілген. Тәртіп сақшыларының дөрекі әрекетінен соң дәмхананың даяшылары мен өзге жолаушылар бойжеткенге көмекке келген. Осы оқиғаны ұялы телефонға түсіріп алғандар бейнетүсірілімді әлеуметтік желіге жариялаған.
"Бейнетүсірілім бойынша қазір тексеру жұмыстары басталып кетті. Ондағы азаматшалар мен тәртіп сақшыларының кім екені анықталып жатыр. Бұл жөнінде толыққанды ақпаратты ертең, барлық жағдай анықталған соң береміз", - дейді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.