Шымкентте процесуалдық қателіктер мәселесі талқыланды

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жіберілетін қателіктерден туындайтын мәселелерді талқылаған жиынға судьялар мен прокурорлар, тергеушілер мен адвокаттар және журналистер қатысты. Мәжілісте аталған соттың төрағасы Әбсаттар Шахидинов қылмыстық істерді сотта қарау барысында бірқатар проблемалық мәселелер туындайтынын айтып өтті. Сот төрағасы кемшіліктері анықталған нақты істер бойынша мысалдар келтіріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қызметкерлері қателік жіберген істі прокурорға қайтаруға және жеке қаулы шығаруға негіз болатынын қадап айтты. Жиында сондай-ақ, судьялар Әбинұр Қарабаев пен Айжан Медеубекова осы мәселе бойынша проблемалық сұрақтардың қордаланып қалғанын атап өтті.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жіберілген процесуалдық қателік салдарынан аталған сотта ағымдағы жылдың бес жарым айында 9 тұлғаға қатысты 6 қылмыстық іс қайтарылғанын жеткізді.
Өз кезегінде Әбсаттар Шахиддинов сот ісін жүргізудегі тілдік принципті тілге тиек етіп, оны қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылатынын айтты.
«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында көрсетілгендей Қазақстанда сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған жағдайларда басқа да тілдер қолданылады. Бірақ, бүгінде аталған қаулының талаптары өз деңгейінде орындалмай отыр. Өйткені, көп жағдайда сот ісінің тілі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарында айқындалады. Сол себепті, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары мемлекеттік тілге баса назар аударулары керек» - деді сот төрағасы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен жиында.