Шымкентте психологтардың кеңесі өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте психологтар бас қосып, қоғамды мазалаған сауалдарға жауап іздеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте психологтардың кеңесі өтті

«Психотерапия, тәжірибелік және консультациялық психология: бүгіні және заманауи даму тенденциясы» атты конференцияға тәжірибелі психологтар шақырылды. Психология және психотерапия еуразиялық институты мен Оңтүстік Қазақстан Педагогика университеті ұжымы бірлесе ұйымдастырған басқосуда өңірдің білім беру және денсаулық сақтау саласынының мамандары жиналды. Жиналғандар проблеманың шығу тегін зерттеп, шешу жолдарын ұсынды.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бойынша Қазақстан жасөспірімдер, жастар арасындағы суицид жағдайы бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Жер сілкіну, өрт, су тасқыны кезінде адамдарға бірінші кезекте психологтар алғашқы көмекті көрсетуі керек»,- дейді Оңтүстік Қазақстан Педагогика университетінің ректоры Мұрат Жарқынбеков.

Мамандардың сөзінше, бүгінде туыстар мен таныстарды айтпағанның өзінде, ата-ана мен бала арасындағы байланыс нашарлап барады. Барлық мәселе материалдық байлықта деп есептеген сәттен бастап, руханият құлдырауға кетеді. «Сондықтан қандай жағдай болмасын, руханият жоғарыда тұрғаны дұрыс. Сонда ғана көңіліміз жай, сөзіміз ісімізге сай болмақ»,- дейді психологтар.

«Кезінде математик Альберт Эйнштейн ХХІ ғасыр психология ғасыры болады деген екен. Сол кемеңгердің айтқан парасатты сөзі іс жүзінде шындыққа ұласып жатқан түрі бар. Себебі, психология ғылымы біздің өмірімізге мықтап енді. Шетелдегі сияқты біз қай саланы алмасақ та, психология мамандығы өте қажетті мамандыққа айналып отыр»,- дейді психология ғылымдарының кандидаты Мадина Байбекова.

Жиында психологтарды толғандырған маңызды мәселелер бойынша баяндамалдар жасалды. Олардың кәсіби деңгейін арттыру да назардан тыс қалмады.