Шымкентте санитарлық қағидаларды сақтамаған білім ордаларына 22 млн теңге айыппұл салынды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте санитариялық қағидаларды сақтамаған білім ордаларына 22 242 998 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тарапынан 2021-2022 оқу жылында қаладағы 91 мектеп ерекше тәртіппен тексеруден өтсе, 54 мектепке жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде анықталған санитариялық қағидаларды бұзу фактілері бойынша жалпы сомасы 22 242 998 теңгеге 139 әкімшілік айыппұл салынды.
«Санитариялық қағидаларға сәйкес білім беру объектілерінің аумағы қоршалып, функционалдық қатысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмеуі тиіс. Объектілер ауыз сумен, ыстық сумен, кәріз жүйесімен, жарықпен, желдетумен, жылытумен қамтамасыз етілуі және жақсы жағдайда болуы керек. Барлық ғимараттарда тазалық сақталып, жиһаздар мен заттардың жабдықталуы балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы міндетті. Балаларды қауіпсіз әрі сапалы тамақпен қамтамасыз етуі қажет», - делінген Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.