Шымкентте сарбазды сабағаны үшін әскери бөлімнің екі қызметшісі сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкенттегі әскери бөлімнің екі мерзімді қызметшісі  үшінші сарбазды ұрғаны үшін сотталды. Шымкент гарнизонының әскери соты екеуіне төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Әскери соттың судьясы Гулмира Усманованың қарауымен өткен сот отырысында қылмыстық оқиғаның қалай орын алғаны белгілі болды.

Өткен жылдың 15 маусымында Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінің үш сарбазы арасында өзара ерегіс туындап, екеуі үшіншісін сабап тастаған. Сөйтіп, жәбірленушіге орта дәрежедегі дене жарақатын салған. Сот отырысы кезінде айыпталушы әскерилер өз қылмыстарын мойындады. Сот екеуін Қылмыстық кодекстің 440-бабының 3-бөлігі «2» және «4» тармағы («Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу») бойынша  кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы «Шартты түрде соттауды» негізге ала отырып, жазаны шартты түрге ауыстырды. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар
telegram