Шымкентте сегіз жасар баланың үстіне қабырға құлап кетті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте сегіз жасар баланың үстіне қабырға құлап түсті. Ауыр жарақат алған үшінші сыныптың оқушысы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Келеңсіз жағдай жарақаттанған баланың үйінің маңында болыпты. Туыстарының сөзінше, жеткіншек үйінің жанындағы нысанның қоршаулы тұрған қабырғасына шыққан. Осы сәтте оның үстіне қабырға құлап кеткен. Салдарынан баланың аяғы сынып, ауыр жарақат алған. Ол дереу жедел жәрдеммен ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Сүлейменованың сөзінше, науқастың қазіргі жағдайы бірқалыпты.
«Бастапқы кезде бала жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Аяғы сынуына байланысты дәрігерлер емдік шаралар жүргізді. Кейін аяғына ота жасалып, қазір палатаға ауыстырылған. Жағдайын дәрігерлер қалыпты деп бағалауда»,- дейді басқарманың баспасөз хатшысы.
Ал, оқиға орнына тәртіп сақшылары мен төтенше жағдайлар қызметкерлері келіп, тиісті тексеру шараларын жүргізді. Қабырғаның не себепті құлап кеткенін анықтауда.