Шымкентте шағын футболдан жасөспірімдер арасында турнир өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте шағын футболдан жасөспірімдер арасында турнир өтті. 12 команда бақ сынған сайыс Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Кониституция күніне орай ұйымдастырылды. Еңбекші аудандық әкімдігінің мұрындық болуымен өткен шара тілші бейнематериалында, деп хабарлайды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы.
Спорт - денсаулық кепілі. Осы ұранды баса назарға алғандар жаңа оқу жылының қарсаңында доп теуіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға күш салды. Игі шара Еңбекші ауданы аумағында жаңадан бой көтерген спорт алаңшасында өтті. Мақсат - жасөспірімдердің спортқа деген құлшынысын арттыра отырып, азаттықты насихаттау.
«Біз осымен ғана шектелмейміз, бұл бұқаралық спортты дамыту ісі жалғаса береді. Өйткені дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін спортшыларды дайындау - басты мақсат. Сондықтан да біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында әлі теннистен турнир өткізбекпіз, волейбол мен баскетболды да қамтимыз. Бұл іс жалғасын табады», деді Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов.
Аталмыш сайысқа 12- 15 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Осымен үшінші рет шымылдық түрген додада топ жарғандарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Оған жеткіншектердің алғысы шексіз.
«Мен 7-ші сыныпта оқимын. Осы сайысқа жылда қатысамын. Маған футбол ойнаған ұнайды, шынықсаң, шымыр боларсың деген... Мен бұл футболды ойнап сабағымды да тастап кетпеймін, сабағым 4 пен 5. Барлық достарымды және сыныптастарымды спортпен шұғылдануға шақырамын», деді жарысқа қатысушы Жанболат Тінібек.
Елімізде бұқаралық спортты дамытуға мықтап ден қойылып келеді. Жыл санап қатары көбейген спорт алаңшалары соның айғағы болса керек. Аудан аумағында биылдың өзінде 5 спорт кешені бой көтерген. Мұндай іс өз жалғасын таба бермек, өйткені ел намысын әлемдік аренада қорғайтын азаматтарымыз дәл осындай шағын алаңшаларда тәрбиеленетіні даусыз.