Шымкентте шіркеуге ұрлыққа түскендер іздестірілуде
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының Түркістан көшесіндегі Әулие Николай шіркеуіне түн ортасында белгісіз біреулер ұрлыққа түсіп, бірталай дүниені үптеп кеткен.
Мәселен, мұндағы алтыннан жасалған бұйымдар, қайырымдылық ақшалары салынған қорап пен бірнеше бағалы заттар қолды болған.
Бұл туралы шіркеуде қызмет етуші 62 жастағы әйел 17 қаңтар күні Еңбекші аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Оқиға орнына жеткен тергеу тобы тексеру жұмыстарын жүргізген. Нақты қанша шығын келтірілгені нақтылану үстінде. Аталмыш факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша («Ұрлық») сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестіріне тіркелді.
Ұрылар сүйікті иконалардың тұсына қайырымдылық ретінде бағалы бұйымдарды іліп кету дәстүрін пайдаланғанға ұқсайды. Әдетте, қымбат бұйымдар қолжетімді жерде бейнелі суреттер мен мүсіндердің жанында жіпке ілулі тұратын көрінеді.
Байланысқа шыққанымызда, шіркеу жетекшісі Александр әкей «ұрлық фактісімен полиция айналысуда», дегенмен ғана шектеліп, бұл тақырыпта қандай-да бір ақпарат бөлісуден үзілді-кесілді бас тартты.
Тергеушілер де нақты шығындар жайлы мардымды жауап қатпады. «Нақтылап жатырмыз, күдіктілер іздестірілуде», - деп атап өтті олар.
Ерлан Жүнісбайұлы
Фото: Otyrar.kz