Шымкентте сот отырысының хатшысына сыйақы берген тұрғын 69 есе айыппұл төледі
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте сот отырысының хатшысына сыйақы берген тұрғын 69 есе айыппұл төледі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сот отырысының хатшысына 5 000 теңге түріндегі заңсыз материалдық сыйақы берген жеке тұлғаға хаттама түзді. Сыйақы тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы азаматтық іс бойынша құжаттарды жедел ресімдегені үшін берілген. Бұл жағдай туралы мемлекеттік қызметші тез арада тікелей басшысына хабарлаған. Нәтижесінде, сыйақы берген азаматша кінәсін мойындап, ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша сыйлықтың алпыс тоғыз есе мөлшерінде, яғни 345 000 теңге айыппұл төледі.
«Мемлекеттік қызметшінің іс-әрекеті, ең алдымен, оның жауапкершілігі мен адалдығын көрсетеді, сонымен қатар биліктің барлық өкілдеріне үлгі болды.Мұндай жағдайлар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, жемқорлықтан азат қоғамды қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмыстарының тиімділігін растайды» деп жазды Дәурен Ерғарин.