Шымкентте тағамнан уланған екі бала көз жұмды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте тағамнан уланған бір үйдің екі баласы инфекциялық ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шымкент қаласы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 қараша күні таңертең сағат 10:30-дар шамасында ауруханаға «тағамнан улану» диагнозымен бір отбасының үш баласы мен анасы келіп түскен.
Құтқарушылардың хабарлауынша, отбасы Еңбекші ауданының Алдияров көшесіндегі көп қабатты үйде тұрады.
«Таңертең сағат 04:42-де осы мекенжай бойынша жедел жәрдем шақырдық. Жедел жәрдем қызметкерлері «тамақтан улану» (тамақтан улану, құсу және отбасының барлық мүшелерінде іште ауырсыну белгілері бар) диагнозын қойып, ем тағайындады», - дейді көз жұмған балалардың әкесі,
Оның айтуынша, таңертең жағдайы нашарлап, сағат 09:37-де қосымша жедел медициналық көмек шақырған. Жедел жәрдем анасы мен 3 баланы инфекциялық ауруханаға алып кеткен.
«Жұқпалы аурулар ауруханасынан дәрігердің тағайындау бойынша токсикологиялық бөлімшесіне 1987 жылы туған анасы, 2018 жылы туған ұлы және 2008 жылы туған қызы ауруханаға жатқызылды. Сағат 11:00-де жұқпалы аурулар ауруханасында 2015 жылы туған бала, одан кейін сағат 14:00-де токсикология бөлімінде 2018 жылғы бала көз жұмды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Өлімнің себебі анықталуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Анасы мен үшінші баласының жағдайы қанағаттанарлық.
ТЖ департаментінің хабарлауынша, оқиға орнында мұқият талдау жасалып, улы газбен улану фактісі расталмаған.