Шымкентте тағы бір гүлзар пайда болады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте тағы бір гүлзар пайда болады. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше гүлзар салынатын «Нұрсəт» шағын ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкенттің бас сəулетшісі Нұрлан Архабаевтың айтуынша, гүлзардың орталық бөлігінде ротондар орнатылып, оның айналасына гүлдер егіледі. Гүлзардың жалпы алаңы 1 гектарға жуықтайды. Мұнда коммуналды желілер тартылған. Енді көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Шағын сәулеттік құрылымдар мен балалардың ойын алаңшаларын салу да жоспарланған.
«ЛТД-Тұрмыс» компаниясының жетекшісі Ғалым Сәдібектовтың айтуынша, гүлзарда отырғызылатын гүлдер мен ағаштарға ерекше мән беріледі. Қазіргі таңда мұнда шынар, талшын және қайыңдар егілуде. Ал, ағаштан қылқан жапырақты және жапырақты, сондай-ақ биік ағаштардың көшеттері отырғызылмақ.