Шымкентте таксиге мінген бойжеткенді зорлаған күдікті іздестіріліп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте таксиге мінген бойжеткенді зорлаған күдікті іздестірілуде. Бұл туралы қалалық полиция департаменті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте таксиге мінген бойжеткенді зорлаған күдікті іздестіріліп жатыр
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған қылмыс туралы Дина Смаилова есімді әлеуметтік желі қолданушысы өз парақшасында хабарлаған.
«Тергеушілер білгенін істеп жатыр! Шымкент қаласы. 27 тамыз 2019 жыл. Бойжеткен құрбыларымен бірге мейрамханада туған күнін атап өткен. Көңілді кештен кейін оны құрбылары сол маңда тұрған таксиге салып жіберген. Алайда такси жүргізушісі маньяк болып шыққан. Бойжеткенді аяусыз ұрып соғып, зорлаған. Осы іс бойынша тергеу шаралары тым ұзаққа созылып кетті. Содан бері қанша күн өтсе де, таксисті таба алар емес. Көшеде қаншама камералар тұр, қылмыс орталық көшелердің бірінде орын алған. Куәгерлерден жауап алынбаған, тергеушілер де бірнеше рет ауысты. Бұл туралы тағы бөлек пост жазылады. Аталған істі «Не молчи» қорының ерікті заңгері Данияр Жиренбаев жүргізуде» делінген парақшада.
Осы оқиғаға қатысты қаланың полицейлері тергеу шаралары жүріп жатқанын жеткізді.
«Аталған жайтты 2019 жылдың 27 тамызында Шымкент қаласы полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК-нің 120-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеген. Қазіргі таңда күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалған» делінген хабарламада.