Шымкентте тасқын судан зақымданған 38 үй жөндеуді қажет етеді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте тасқын судан зақымданған 38 үй жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл туралы табиғи апаттың салдарын жою және алдын алу жұмыстары бойынша өткен жиында қалалық ТДЖ бастығы Нұрболат Дербісов мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департамент бастығының айтуынша, тасқын судан Елтай тұрғын алабында жарамсыз хәлге түскен үйлер жоқ. Дегенмен бірқатар баспаналар зақымданған. Мұнан бөлек, 12 қора-қопсы құлаған. Бұл нысандардың құжаты болмағандықтан, қораға мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді. Сондай-ақ, екі бас ірі қара мал суға ағып кеткен. Жиында сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр су тасқынының салдарын анықтау және келтірілген шығын көлемін есептеу жұмыстарын арнайы құрылған комиссия жүргізетінін атап өтті.
«Мамыр айының 13-нен 14-не қараған түні 40 минутта жарты айлық жауын жауған. Соның нәтижесінде, Бадам өзені арқылы өткен су мөлшері секундына 146 текше метрге дейін жеткен. Яғни, су орта қалыпты жағдайдан жеті есе көп болған. Қазір секундына 49 текше метр су өтуде. Бұл дегеніміз, өзен суы төмендеп жатқанын көрсетеді. Қаладағы жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы, энергетика басқармасымен қаладағы қауіп төндіреді деген жерлерді анықтап шықтық. Соған байланысты 4 ауданның әкімдеріне тапсырма берілді. Мәселен, Абай ауданы Бадам өзенінің жағалауын бекіту бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр»,- деді Ербол Садыр.
Айта кетейік, ауа-райын болжаушылар Шымкентте алдағы күндері де жауын-шашын болатынын айтады. Сол себепті, қала басшылығы сақтық шараларын күшейтпек.



