Шымкентте тастанды шақалақтың анасы табылды, полиция іс қозғады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Шымкентте тастанды шақалақтың анасы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте тастанды шақалақтың анасы табылды, полиция іс қозғады

10 наурыз күні Т.Рысқұлов көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің ауласында жаңа туған нәресте табылған болатын. Аталған жайт бойынша әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігімен (Қауiптi жағдайда қалдыру) қылмыстық істі тіркеді. Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі тастанды сәбидің анасының табылғандығы туралы ақпарат таратты.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 1995 жылы туған азаматша анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Шымкентте өте ауыр жағдайда табылған тастанды нәрестеге жедел жәрдем диспетчерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалды. Салмағы 3 келі шақалақ қазір ауруханада.