Шымкентте «Театр көктемі-2018» фестивалі өтіп жатыр
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Театр көктемі-2018» фестивалі басталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шара биыл оңтүстіктің алғашқы режиссерлерінің бірі Халел Шаженовтің 110 жылдығы мен сахна саңлағы Райымбек Сейтметовтың 80 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Театр фестиваліне қатысуға бұл жолы 8 өнер ұжымы келді. Дәстүрлі фестивальдің қатысушыларына биыл өзгеше талаптар қойылды. Олар Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, барлық театр қазақ тарихынан хабар беретін классикалық шығармаларды сахналауы тиіс. Ал, фестивальде үздік деп танылған театр ұжымы мен актерлер 20 сәуірде ерекше марапаттарға ие болады. Айта кетейік, биыл марапаттар қатары Райымбек Сейтметов пен Халел Шаженов атындағы номинациялармен толығып отыр.