Шымкентте «телефон лаңкесі» ұсталды
ШЫМКЕНТ. 10 ақпан. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында полиция қызметкерлері «телефон лаңкесін» ұстады, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
ОҚО ІІД жедел басқару орталығының «102» нөміріне көп қабатты үй пәтерлерінің біріне бомба салынғаны туралы хабарлама келіп түсті. Егер біреу есігін ашса, құрылғының жарылатыны айтылды», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Оның айтуынша, оқиға орнына ОҚО ІІД, ТЖ, жедел медициналық көмектің барлық күштері мен құралдары топтастырылды. Аудан қоршауға алынып, үйдің тұрғындары шығарылды. Тексеру нәтижесінде саперлер жарылғыш затты таппады. Хабарлама жалған болып шықты.
«Телефон соққан жергілікті 29 жасар азамат екен. Мас болғандықтан не үшін хабарлағанын түсіндіріп айта алмады. Ол қамауға алынды. Ұсталған азаматқа қатысты «Лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған ақпарат беру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады С.Қаракөзова.