Шымкентте тұмау өршіп тұр

Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері қала аумағында ЖРВИ –дің 128 639 жағдайы тіркелген. Оның 70 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал, эпидемиологиялық маусымда тұмау аурушаңдығы бойынша 102 жағдай есепке алынған. Оның ішінде тұмаудың «В» типі 99, «А» (Н1N1) типі бойынша 3 жағдай анықталған.
«Қалада тұмаудан басқа вирустар да таралуда. Мәселен, 135 сынама тексеріліп, оның ішінде 60 сынамадан оң нәтиже анықталды. Риновирус – 19, парагрипп - 21, ротавирус – 12, аденовирус – 2, коронавирус - 6. Вирустардың түрлері тек вирусологиялық зерттеулермен анықталады және расталады» - дейді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев.
Қазіргі таңда тәуекел тобына жататын 134 580 адам егумен қамтылған. Жалпы тұмаудан эпидемиологиялық маусымда аурушаңдықтың алдын алу барысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 134580 доза вакцина алынған. Ол тұрғындардың 12,6 пайызын ғана тұмауға қарсы егумен қамтуға жеткілікті.