Шымкентте түн жарымында жарапазан айтып жүрген 14 бала анықталды

Шымкент қалалық ПД ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасын жүргізіп жатыр.
Нәтижесінде, қала аумағында жүргізілген рейд барысында 44 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Атап айтқанда, жарапазан айтып жүрген 14 жасөспірім, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған екі жасөспірім, заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 27 бала анықталды.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол берген бір мекемеге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Аталған жайт бойынша түнгі уақытта мектеп оқушыларының қадағалаусыз жүруінің алдын алу мақсатында Шымкент қаласының білім басқармасына ұсыныс жолданып, балалар мен ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Біз мұндай профилактикалық іс-шараларды үнемі жүргізіп отырамыз. Ондағы мақсат – қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп, қылмыстық жайттарды болдырмау және оның алдын алу. Осы тұста, құрметті азаматтар заң бәрімізге ортақ екенін ескертемін. Өз балаларыңыздың тәртібі мен қауіпсіздігі үшін жауапты екендеріңізді назарда ұстаңыздар, – деді Шымкент қаласы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.