Шымкентте тұрғын үй кезегінде 5 мыңға тарта көпбалалы отбасы тұр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Еліміздің үшінші мегаполисінде баспана мәслесі күн тәртібінен түскен емес. Қала әкімі Ерлан Айтаханов қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 134 мың, жердің кезегінде 119 мыңнан астам азамат тіркелгенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте тұрғын үй кезегінде 5 мыңға тарта көпбалалы отбасы тұр

Қала басшысының сөзінше, баспана кезегінде тұрғандардың қатарында көпбалалы 5 мың отбасы бар.

«Тұрғын үй құрылысында, қайтарымды кредиттік үйлерге басымдық берілетін болады. Осы күнге дейін кредиттік тұрғын үйді сатудан түскен қаржы басқа мақсаттарға жұмсалып келсе, алдағы уақытта тек тұрғын үй құрылысына қайта жұмсалатын болады. Бұл да, тұрғын үй көлемінің артуына өз әсерін тигізеді. Ағымдағы жылы қалада 2 847 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде жұмысшы жастарға 904 пәтер, көпбалалары отбасыларға 450 пәтер, халықтың әлсіз топтарына 252 пәтер. Келесі жылы «Тұран» мөлтекауданында аумағы 194 га жерге 4 496 пәтерлі 68 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады»,- деді Ерлан Айтаханов.

Шаһар басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру үшін СПК «Шымкент» арқылы 5 493 пәтерлі 75 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 2020 жылы 1 016 пәтерлі 24 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.