Шымкентте тұрғын үйден өрт шығып, екі адамды күйік шалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте тұрғын үйден өрт шығып, екі адамды күйік шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қаратау ауданының Қайнарбұлақ саяжайындағы Березовая көшесіндегі жер үйде болды. Тұрғын үйдің 56 шаршы метрі жанып, қабырғалары құлаған. Өрт салдарынан 2016 жылы туған қыздың аяғы, беті және арқасы күйген. Қазір жеткіншек ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, қыздың анасы да өрттен зардап шеккен. Дегенмен, жарақаты жеңіл болғандықтан ауруханаға жатудан бас тартыпты.

«Үйдің ішіндегі 50 литрлік газ баллонға жалғанатын шлангінің ақауы салдарынан газ-ауа қоспасының тарсылы орын алды. Сондай-ақ өрт сөндірушілер сыйымдылығы 50 литр болатын төрт газ баллонды қауіпсіз жерге шығарды», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан мәлімдемеде.
Өртті сөндіруге 17 қызметкер мен 3 бірлік техника, апаттар медицинасы орталығы филиалының бригадасы жұмылдырылған.



