13:32, 18 Қаңтар 2019 | GMT +5
Шымкентте тұрғын үйден өрт шығып, мүгедек азамат көз жұмды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте тұрғын үйден өрт шығып, мүгедек ер адам көз жұмды. Қайғылы жағдай қала іргесіндегі Қызылсай елдімекенінде орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 қаңтарда сағат 12:30-да шұғыл кезекшілердің басқару пультіне жеке тұрғын үйдің ауласында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің 15 адамнан құралған жеке құрамы мен 4 техникасы, жедел-тергеу кезекші тобының 3 қызметкері жұмылдырылды. Алайда, тілсіз жауды тұрғындар өрт сөндірушілер келгенше өшіріп қойған.
«Жалын 12 шаршы метр аумақты шарпыған. Үй ішіндегі төсек-орын жабдығы жанған. Оқиға орнынан 1956 жылы туған мүгедек ер адамның денесі табылды. Өрттің шығу себебі, болжам бойынша - сақтық шараларын сақтамай темекі шегу болып отыр» делінген хабарламада.