Шымкентте ТҮРКСОЙ суретшілерінің көрмесі ашылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінде «Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы» аясындағы ХХ-шы ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдер суретшілері пленэрінде салынған жұмыстардың қорытынды көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Табиғат аясында салынған 135 кескіндемелік жұмыс көрме залына ілініп, көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Түркі әлемінің қылқалам шеберлері Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру және «Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелерінде, Отырар ауданындағы тарихи, мәдени ескерткіштерде, Хан тағы және Қаратау қорығы аумағы мен Бәйдібек ауданының Ақмешіт, Қостұра, Домалақ ана кесенелерінде, Қазығұрт ауданы мен Сайрам - Өгем тау шатқалдары және Шымкент қаласының көрікті жерлерінде этюдтік жұмыстар жасады. Оңтүстіктің киелі, тарихи мекендерін майлы бояумен кенеп бетіне бейнелеген суретшілер боямасыз сұлулыққа бай өлкенің табиғатына деген таңданыстарын да жасыра алмады.
Көрмені қорытындылау шарасында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов пен ТҮРКСОЙ ұйымы суретшілерінің ұйымдастырушысы Санжар Мехмет қылқалам шеберлерін арнайы алғыс хаттар және сыйлықтармен марапаттады.
Айта кетейік, бір аптаға созылған пленэрге 9 мемлекеттен, яғни, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Босния-Герцеговина, Украина, Болгария, Молдавия, Башқұрстан, Әзербайжан елдерінен 15 суретші келген болатын. Ал, еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларынан 13 кәсіби суретшілер және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Көркем академиясының мүшелері мен өнер профессорлары қатысқан еді.