Шымкентте үшем дүниеге келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттегі №1 облыстық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді. Бұл - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері өмірге келген екінші үшем, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бақытты ана Гүлжанат Пердебаеваның енді 5 баласы бар. Ұл мен қыздың анасы үшем болатынын төрт айлық кезінде білген екен. Жас ана үш ұл баланы наурыздың 5 күні ота жасау тәсілімен босанған. Дәрігерлердің айтуынша, 35 аптада дүниеге келген сәбилердің салмағы 2400-2700 грамм аралығында, бойлары - 45-48 см. Олар бір аптадан аса уақыттың ішінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарды.
Үшемнің ата-анасы Мұхтар мен Гүлжанат Шардара ауданының тұрғындары. Елубаевтар әулетінде дүниеге келген үш атұстарға ата-әжелері Ерасыл, Нұрасыл, Жанасыл деген есім қойған. Олар осыдан үш жыл бұрын атажұртқа Өзбекстаннан көшіп келген.
Жалпы статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады. Осы уақыт ішінде 81 үшем туған. Ал бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны - 800-ге жуық. Он жылда туған жергілікті егіздер саны - 7 мыңнан асады. Тек соңғы мерекелік бес күннің өзінде облыс аумағында 700-ге жуық сәби өмірге келген.
Айта кетейік, 2017 жылы облыста 76 353 нәресте жарық дүниеге келді. Олардың жартысына жуығы Шымкент қаласында туған. Бала туу көрсеткіші бойынша алғашқы қатарда Түркістан қаласы, Сарыағаш, Мақтаарал және Сайрам аудандары тұр.
Автор фото: Кайсар Шерим