Шымкентте ұйқыдан оянбай қалған бүлдіршін ісімен полиция айналысуда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі балабақшада бүлдіршіннің қайтыс болу себебін полиция қызметкерлері анықтауға кірісті. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қазір бұл оқиға бойынша Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі тиісті тексеру шараларын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«Аталған оқиға бойынша бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сол сараптамалардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Баланың не себепті қайтыс болғаны да содан соң белгілі болады», - дейді Салтанат Қаракөзова.
Еске салайық, өткен аптада Шымкенттегі «Маленький принц» жекеменшік бақшасында Мейірлан есімді бүлдіршін қайтыс болған еді. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің сөзінше 2 жас 8 айлық ер бала түс кезінде төсегіне жатып ұйықтап, содан оянбаған. Қайғылы жағдай орын алған соң балабақша қызметкерлері оқиға орнынан жедел жәрдем қызметі мен полицейлерді, баланың ата-анасын шақыртқан еді. Олар мәйітті алып кетіп, жер қойнына тапсырды.
