Шымкентте «үйлерін су басқан» тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте "үйлерін су басқан" тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Көшеге жайылған су арнайы техниканың көмегімен сорып алынды. 

Шымкентте «үйлерін су басқан» тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді

Бұл шаралар «Көктем-2017» республикалық командалық- штабтық оқу жаттығуының аясында жүргізілді. Оңтүстіктің құтқарушылары осылайша көктемгі тасқынның алдын алу барысында дайындығын пысықтады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null 

Командалық -штабтық оқу жаттығуының сценарийі бойынша қаладағы  шағынауданның үш көшесі су астында қалды. Ойда-жоқта келген сарқынды су осындағы тұрғын үйлерді шайып кеткен. Тасқын аулалар мен баспаналардың ішіне дейін кірген. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Дер кезінде іске кіріскен құтқарушылар тұрғындардың барлығын қауіпсіз жерге көшірді. Көгілдір отын мен электр бағаналары  ажыратылды. Оқиға орнында мамандар жұмыс істеді.

null 

Айта кетейік, «Көктем-2017» республикалық  командалық- штабтық оқу -жаттығуына жергілікті басқару органдары, аудан және қалалардың төтенше жағдайлар жөніндегі және көшіру комиссиялары, ішкі істер министрлігінің құрылымдары бас қатысты. Жаттығу барысында төтенше жағдайлар қызметкерлері көктем мезгілінде болатын түрлі қауіпті тасқындарға дайындығын тексеріп көрді.  Әсіресе, күн күрт жылынған сәтте қыс бойы тоң болып жатқан мұз еріп, айналаға жайылуы әбден мүмкін. Себебі, биыл оңтүстік өңірінде де қыс қатты болып, қар жылдағыдан екі жарым есе көп жауған.

null 

«Сырдария,сондай-ақ өзге де өзендер баршылық, Шардара және Көксарай су қоймаларынан биыл су мол келіп жатыр. Бірақ, қазір біз осы жағдайдың барығын өз бақылауымызда ұстап отырмыз. Сол Сырдария өзені бойындағы елді мекендерге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр»,-деді облыстық  ТЖД бөлім басшысы Нұржан Әсібеков.

Шара барысында мамандар оқыс жағдайдың алдын алу үшін қолдан келген әрекетті жасауға дайын екенін байқатты. Қалай болғанда да өңірдің төтенше жағдайлар қызметі су шайып кету қаупі бар жерлерді анықтап, тасқынның алдын алуға кірісуде.