Шымкентте заңсыз интернет-казино ұйымдастырған адам ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Фаворит» букмекерлік кеңсесінің әкімшісі заңсыз интернет-казино ұйымдастырған. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкентте заңсыз интернет-казино ұйымдастырған адам ұсталды

Аталған Комитет Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Фаворит» букмекерлік кеңсесінің бұрынғы әкімшісі Ю.Стебуновқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«Ю.Стебунов «Букмекерская контора «Фаворит» ЖШС-нің әкімшісі қызметінде «Fin Bet» сауда маркасын қолдана отыра, серіктестікпен бұрын жалға алынған үй-жайларға қолжетімділікті пайдаланып, букмекерлік қызметтерді ұсынумен қатар заңсыз электронды казино ұйымдастырды.Сонымен қоса, ол ойыншыларға «FLG» бағдарламалық қосымшасын қолдана отырып, онлайн режимде ғаламтор арқылы ұтысты қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен көмегімен қолдан жасалған және анимациялық ойындарға қолжетімділікті қамтамасыз еткен», - делінген хабарламада.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының үкімімен Ю.Стебунов ҚР ҚК 307-бабы 1-бөлігіне сәйкес ( заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру ) кінәлі деп танылды. Аталған қылмыстық әрекетке 300 АЕК (757 500 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы қарастырылған.

Тергеу амалдары барысында заттай айғақтар – 108 дана монитор және процессор, флэш-карталар, модемдер, сондай-ақ, 586 600 теңге ақша қаражаты тәркіленді.