Шымкентте жаңа 12 автобус бағдары ашылады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жыл соңына дейін жаңадан 12 бағдар қосылады. Жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында қоғамдық көліктердің дені қаланың шеткі елді мекендерінен орталыққа қатынайды. Бұл туралы қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бөлім басшысының сөзінше, жүру жиілігін бұзған компаниялармен қазірдің өзінде келісімшарттар бұзылып жатыр.
«Атап айтатын болсақ, 38,21,33,12А, 134 осы бес бағытпен бүгінгі таңда бір жақты келісімшартты бұздық. Олар енді келесі тендердің жеңімпазы анықталған кезге шейін ғана қызмет көрсетеді»,- деді Қуатжан Жұматаев.
Сонымен қатар, бөлім алдағы уақытта Шымкенттен мемлекеттік автобус паркін ашуды ұсынып отыр. Бұл бағыттағы ілкімді істер қазірдің өзінде басталып кеткен. Аталған шаралар облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Шымкент қаласы әкімін тағайындау кезінде берген тапсырмаларының нәтижесінде қолға алынып отыр. Қала басшылығының мәліметінше, енді қала тұрғындары сондай-ақ сапалы жарық тұтынатын болады. Қазірдің өзінде қаланың шеткі аудандарында электр желілерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бозарық - 1, 2, 3 елдімекендерінде басталған шаруа жыл соңына дейін бітеді деп жоспарланған. Ал, келер жылы «Құрсай» және Қайнар шағынаудандарын жоғары сапалы жарықпен қамту үшін жобалық сметалық құжат әзірленді. Қалаға Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан қосылған 41 елдімекен бойынша әлеуметтік-экономикалық картасы әзірленіп, сол карта қала әкімі мен бектілген. Әрбір елдімекен бойынша қандай жұмыстар атқарылатыны көрсетіліп, атқарылып жатыр,- дейді жауапты мамандар.