Шымкентте жарылыс болған газ құю бекетінің басшысы мен инженері сотталды

ЩЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте газ жарылып бір жұмысшы қаза тапқан жанармай стансасының басшысы мен инженері сотталды. Қаратау аудандық сотының үкімімен екі айыпталушы кінәлі деп танылып, олардың 2 жыл 6 айға және 3 жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қылмыстық іс алты ай тергеліп, сот процесі екі ай көлемінде қаралған. Айыпталушы ретінде газ құю бекетінің басшысы мен оның өрт қауіпсіздігіне жауапты инженер-маманы танылды.

«Сот Мұрат Өтегенов ҚР ҚК-ның 292-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасағын үшін кінәлі деп танылсын. 3 жыл мерзімге қауіпті өндірістік мерзімге лауазымды қызмет етуге құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Жиенбек Қалаубаев ҚР ҚК-нің 292-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Екі жыл мерзімге қауіпті өндірістік мекемеде қызметпен айналысу құқығынан айыра отыра, екі жыл алты ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын», деді үкім оқыған сот төрағасы Ермахан Рахманберді.

Судьяның сөзінше, газ сақтайтын қоймада өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Газ құю кезінде екі адамның жұмысын бір ғана адам атқарған және ол арнайы киім кимеген. Жарылыс кезінде 20 жастағы жұмысшының денесінің 98 пайызын күйік шалып, ол ауруханада қайтыс болған. Соған қарамастан марқұмның әкесі айыпталушыларға ешқандай талап-арызы жоқ екенін алға тартып, кешірім берген.

Дегенмен, қорғаушылар судьяның шешіміне келіспей отыр. Қалалық соттың аппеляциялық алқасына үкімді қайта қарау жөнінде арыз түсірмек.

Еске салайық, оқыс оқиға өткен жылы жазда Тассай шағын ауданында болған еді. Газ сақтау қоймасы жарылып, 20 жастағы жұмысшы қайтыс болған.



Соңғы жаңалықтар