Шымкентте жас музыканттардың «Шабыт шеруіне» 10 мың адам қатысты
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай «Шабыт шеруі» атты жас музыканттар шеруі өтті.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шараға биыл әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаланың орталық Әл-Фараби алаңынан басталған «Шабыт шеруінде» жасөспірімдер сап түзеп тұрды. Төрт блоктан тұратын шеруді қалалық мектептен тыс мекемелердің өнерпаздары - Оқушылар сарайының барабаншылар тобы мен №2 балалар саз мектебінің домбырашылар ансамбльдері бастап жүрді.
Олардың іздерінен Саз колледжінің үрмелі және ұлт аспаптар оркестрі мен Өнер мектебінің би ұжымдары, №1 балалар саз мектебінің хор ұжымы ерді. Екінші блокты №3 эстетикалық-саз мектебінің «Домбыра» класының оқушылары мен №4 саз мектебінің өзбек ұлттық аспаптары оркестрі бастаса, артынан көркемсурет мектебінің жас суретшілері мен жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының жас спортшылары және Экология орталығының үйірме өкілдері сап түзеді. Келесі блокты қаланың 131 мектебінің жас өнерпаздарынан құрылған шеру жалғастырды. Соңғы блокта колледж студенттері жүріп өтіп, оған Өнер және дизайн колледжі, №2 Индустриалды-құрылыс колледжі, №3 индустриалды-техникалық колледжі, №4 колледж, №5 Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Аграрлық колледж, Политехникалық колледжі және Жол-көлік колледжінің студенттері өз мамандықтарына сай киім үлгісімен шығып, шеруді қорытындылады.
Әр білім ошағының балалары мен жастары шеруде жүріп өткен кезде сол мекеменің жетістіктері туралы айтылды. Сондай-ақ, бұл күні барабаншылар тобы мен үрмелі аспаптар оркестрі, ансамбльдер мен мажореткалар, черлидерлер мен хор және би ұжымдары жүріп өтті. Қызықты репертуар мен музыкалық аспаптардың әртүрлілігі, шығармалардың түпнұсқалығы мен бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігуі - сазды-театрландырылған шеру мерекені нұрландыра түсті. Шеру соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Осылайша Республика даңғылынан басталған шеру Б.Момышұлы көшесі мен Әл-Фараби алаңы арқылы Айбергенов көшесіне дейін жалғасты.
Айта кетейік, аталған шеру «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мен рухани-адамгершілікті, эстетикалық және патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды. Үшінші шеру биыл барлық өңірлерде, соның ішінде Шымкент қаласында да жалғасын тапты.