Шымкентте жасөспірімдерге қатысты 1,4 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 1,4 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шымкентте жасөспірімдерге қатысты 1,4 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлері атқарған іс-шаралар нәтижесінде, осы жылдың 6 айында кәмелет жасына толмағандарға қатысты 1392 әкімшілік құқық бұзушылық белгілі болды.

«Оның ішінде, 32 жасөспірім ойын-сауық мекемесінде болған, 897 бала 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген. ӘҚБтК-тің 442-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы) бойынша 29 ата-анаға әкімшілік шара қолданылды. Сондай-ақ, мекеме иелеріне ӘҚБтК-тің 132-бабымен 20 хаттама толтырылды», - деп мәлімдеді ведомстводан.

Айта кетейік, құқық бұзушылық жасағаны үшін 6 жасөспірім және ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін 4 жайсыз отбасы есепке алынды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жедел-профилактикалық шаралар жалғасын табуда.