Шымкентте жоғалған бес жасар бала табылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттік полицейлер хабар-ошарсыз кеткен бес жасар баланы ата-анасына қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкентте жоғалған бес жасар бала табылды

10 тамыз күні Абай ауданындағы Игілік елді мекенінде 6 баласы бар отбасы таңертең ұйқыдан тұрса, 5 жасар баласы үйде жоқ. Алдымен өздері іздеп тауып алмақ болады. Нәтиже болмаған соң, сағат 15:00-тер шамасында олар полицияға жүгінеді.

Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиға орнына барып, жедел іздеу шараларына кіріседі. Шамамен 4 сағаттан соң баланы Игілік ауылының көшелерінің бірінен тауып, ата-анасына қайтарып берді. Баланың ата-анасымен профилактикалық сұхбат жүргізілді.

Балапаны құшағына оралғанына қуанған ата-ана Абай АПБ басшылығына, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы Мұзафар Хикматуллаұлы Абрахмановқа алғыс айтты.