Шымкентте жұмыспен қамту жүйелі түрде жүргізілуде

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту жүйелі түрде жүргізілуде. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 34 мыңнан аса адамды әлеуметтік қолдау шарасымен қамтыған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте жұмыспен қамту жүйелі түрде жүргізілуде

Аталған басқарманың мәліметінше, бірінші бағыт «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша 7 696 азаматты оқыту жоспарланған. Техникалық және кәсіптік білімі бар қадрларды даярлауға 1 196 адам жіберіліп, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 4 005 азамат жолдама алған.

Екінші бағыт «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту». Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында 53 азаматқа екінші деңгейлі банктер мен кредиттік серіктестіктер тарапынан несие берілген. 4 502 азаматқа жаңа бизнес идея үшін мемлекеттік гранттар беру жоспарланып, бүгінгі таңға олардың 1 257 грант иелеріне қаражат тапсырылған.

Кәсіпкерлікке оқығандарға арналған «Бастау-бизнеске» жоспары бойынша 2 955 тұрғын қаржымен қамтылған. Сонымен қатар үшінші бағыт «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бойынша 23 514 азамат тұрақты жұмысқа тұрғызылған.

Олар негізінен мемлекеттік және аймақтық дамыту бағдарламасы бойынша жаңа ашылған мекемелерге, «Жастар практикасы» бойынша, ақылы қоғамдық жұмыстарға жұмысқа орналасқан. Ал, «Жастар-ел тірегі» жалпы ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыру барысында кәсіпкерлікке 1 400-ге тарта жас оқыту курстарына жіберілген.