Шымкентте жүрек қақпақшасына жаңа тәсілмен ота жасалмақ
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында жүрек ақауына шалдыққан азаматтарға жаңа тәсіл арқылы күрделі ота жасалатын болады. Бұл жұмыстар қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пямен түзілген екіжақты меморандум аясында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Меморандум аясында жүрек қақпақшасын сақтап қалу үшін жаңа тәсілмен алғашқы ота бүгін қалалық кардиологиялық орталықта жасалып, жергілікті дәрігерлерге танымал кардиохирург Юрий Пя шеберлік сабағын өткізеді.
Сонымен қатар, екіжақты келісімнің негізінде Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласын жақсарту және жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Ұлттық ғылыми орталық мамандары тәжірибемен бөлісіп отыратын болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жүрек қақпақшасына ота жасау бойынша жылына шамамен 3 мың науқас тіркеледі. Бұған дейін науқастар осындай отаны Астана мен Алматы қаласында жасатып келген.