Шымкентте жыл басынан бері жол апатынан 9 бала ажал құшқан
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жыл басынан бергі 4 айда 132 жол апаты тіркеліп, салдарынан 9 бала қайтыс болған. Тағы 143 жасөспірім түрлі дене жарақатын алыпты. Бұл туралы қалалық Жергілікті полиция қызметі мәлімдеді. Осындай жол көлік оқиғаларының алдын алу үшін полицейлер мен мектеп оқушылары бүгін жол бойында «Өміріңді сақта!» акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Тәртіп сақшыларының айтуынша жазғы демалыс кезінде балалардың жол апатына ұшырау оқиғалары көбейіп кетеді. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін бүгін 150 оқушы мен ішкі істер қызметкерлері жол жүру ережесін сақтау туралы ескертулер жазылған плакаттар ұстап шықты. Онда жүргізушілерді жолда ережелерді сақтауға, ал балаларды абай болуға шақыратын көріністер бейнеленген. Сондай-ақ жүргізушілерге кітапшалар таратылды.
«Біздер әрбір жүргізуші көлік рөліне отырғанда жол жүру ережелерін сақтап жүрсе екен дейміз. Жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргінші де жол қозғалысының бір мүшесі екенін ұмытпаса екен дейміз», - дейді Шымкент ҚІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейірхан.




Акцияның соңында полицейлер мен оқушылар 150 сары-жасыл түсті шарды әуеге ұшырды.