Шымкентте жыланнан қорқып, көмек шақырушылар көбейіп кетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент құтқару қызметін жыланнан қорқып шақырғандар саны көбейген. Қалалық төтенше жағдайлар департаментіне өткен аптада оннан аса осындай қоңырау түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте жыланнан қорқып, көмек шақырушылар көбейіп кетті

Ведомствоның мәліметінше, мамыр айының басынан бері қала аумағында жыланға байланысты 6 оқиға тіркелген.

«Шымкент қаласындағы «Азат» мөлтекауданының Ынтымақ 1 «А» үйдің ішінде, Лихачева өткелі 1/21 үйдің ауласында, Алимбетов көшесі 24 үй, «Карина» балабақшасының ауласында, «Тассай» шағынауданы Мұңайтпасов көшесіндегі үйдің ауласында, Нұртас шағынауданы 190-орам, 13-учаскедегі үйдің ауласында, «Еламан» шағынауданы, Көкжелік көшесі 10/46 учаскедегі үйдің ауласында жылан жүргені туралы хабар түсті. Құтқарушылар осы мекенжайларға барып, жыландарды арнайы құралдар арқылы ұстады. Сөйтіп қауіпсіз жерге шығарып тастады», - делінген хабарламада.

Әзірге адамдарды жылан шаққаны жөнінде ақпарат түспеген. Дегенмен қаланың құтқару қызметі тұрғындарға абай болуды ескертеді.

«Сәуірдің ортасы мен мамыр айының соңында жыландарда жұптасу процесі жалғасады. Осы кезеңде олар ең қауіпті және ызақор болып келеді» делінген хабарламада.