Шымкентте жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қазан айына дейін жалғасады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қазан айына дейін жалғасады. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары мәлімдеді. Олардың сөзінше, жылу маусымына дайындық жұмыстары белгіленген кесте аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Яғни, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 1 811 көпқабатты тұрғын үйдің 1 307-сі бүгінде жылу қабылдауға толығымен дайын.  1 130 тұрғын үймен келісімшарт жасалған. Бұл көрсеткіш қаладағы жалпы тұрғын үй қорының 62 пайызын құрайды. Ал, шаһардың солтүстік бөлігіндегі тозығы жеткен жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын жылу құбырының 38% жаңартылмақ.  Сондай-ақ, оңтүстік бөлігінде 13 шақырымдық ішкі орамдық жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өткен.

«Әзірге 1 307 көпқабатты тұрғын үй жылу қабылдауға дайын. Қала аудандары бойынша дайындық көрсеткіштерін саралайтын болсақ,  Абай ауданында - 304 үй (71%), әл-Фараби ауданында - 444 (72%), Еңбекші ауданында - 380 (72%) және Қаратау ауданында - 179 (72%) көпқабатты үйде дайындық жұмыстары аяқталды», - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз.

Нұрлан Жаманкөздің сөзінше, негізгі жылу желілерін қайта құру жұмыстары бойынша биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын жылу жүйелері жаңартылған. Ал ішкі орамдық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджет есебінен қаражат қаралған. Қаланың оңтүстік аймағында аталмыш жұмыстар 70, ал солтүстік аймағында 85 пайызға аяқталып отыр.

Қазан айының алғашқы жұлдызына дейін жұмыстар толық тапсырылуы тиіс. Нәтижесінде, қаланың солтүстік бөлігіндегі тозығы жеткен жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын жылу құбырының 38 пайызы жаңартылмақ. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бөлігінде 13 шақырымдық ішкі орамдық жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өткен. Белгіленген  кестеге сәйкес, қазан айының 15-жұлдызында орталықтандырылған жылу жүйесіне қажетті судың толық қуатында жіберіледі деп күтілуде. Жылуды жеткізу міндетін «3-Энергоорталық» АҚ-ы, ал оған дайындық жұмыстарын жүргізу «3-Қуат жылу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады.

Өз кезегінде синоптиктер шым шаһарда биылғы күз айлары ылғалды болмақ және жауын-шашын мөлшерінің артуына қарамастан, жылы ауа райы сақталады деп болжап отыр. 

Соңғы жаңалықтар