Шымкенттегі 6506 әскери бөлімі 55 жылдық мерейтойын атап өтті
Салтанатты жиында бөлімнің құрылуына күш салған ардагерлер жас ұрпаққа ұлағат айтты. Еліміздегі рухани реформаны қолдап, Отанға деген сүйіспеншілікті еселеуге үндеді. Мерейлі мерекеге ұжым үлкен жетістіктермен жетті. Бұл шаңырақта ел тыныштығын қызғыштай қорыған өр мінез, өжет тұлғалы талай буын тәрбие алды. Олар қазір жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ел ішінде тыныштық орнауына еңбек сіңіріп жүр.
Айта кетейік, жарты ғасырлық шежіресі бар бөлім алғашқыда Жамбыл қаласында орналасқан болатын. Жедел-қызметтік тапсырмалар көлемінің ұлғаюына байланысты 3 жылдан кейін Шымкентке көшірілді. Содан бері Ұлттық Ұлан бөлімінің мемлекеттік маңызды стратегияларды іске асыруда рөлі орасан. Бөлімнің құрамында қанатын қатайтқан сарбаздар 1993 жылғы тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысып, содырларға қарсы тұра білді. Қазір де бөлім сапындағы жастар қоғамдық тәртіпті сақтауда өз міндеттерін адал атқарып жүр.