Шымкенттегі балмұздақ сататын 70 сауда нүктесінде санитарлық нормалар сақталмаған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Шымкентте балмұздақ сататын 70 сауда нүктесінің санитарлық нормаларды сақтамайтыны, көптеген кемшіліктерге жол беретіні анықталды. Мұндай кемшіліктер Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау депатаменті қызметкерлерінің жүргізген жоспардан тыс тексеру шаралары барысында белгілі болды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметовтың айтуынша, кәсіпкерлер балмұздақ сату орындарының ашылғаны туралы тиісті басқармаларға хабар бермей, заңсыз жұмыс істеп келген. Көптеген сату орындары орталықтандырылған су мен кәріз жүйелеріне қосылмапты. Онда жұмыс істейтін қызметкерлер медициналық тексеруден өтпеген, тиісті кітапшаларды алмай жүргені анықталды. Ең бастысы, балмұздаққа қажетті қоспаларды үй жағдайында дайындап,  тіпті тәттіге қосатын қоспалардың  сәйкестік сертификаттары жоқ болып шықты.

«70 балмұздақ сату орындары жоспардан тыс тексерілді. Барлығынан кемшіліктер табылды. Олардан  зертханаға 282 азық-түлік сынамасын алдық. Сату орындарындағы 95 адамнан бактерия тасымалдаушылыққа сынамалар алынды. Оларды тиісті зертханаларда тексерудеміз», - дейді Алдарқұл Ахметов

Санитарлық мамандар бұған дейін  Шымкент қаласында жаппай өткір ішек инфекциясының тіркелуі бойынша жүргізілген эпидемиологиялық тексерудің нәтижесінде, бұған үй жағдайында технологиялық процестерді өрескел бұза отырып, гигиенаны сақтамай  дайындалған балмұздақ себеп болғанын анықтаған еді. Әрі жұқпалы  аурудың  көзі яғни инфекцияның тасымалдаушысы - балмұздақ дайындауға қатысқан  қызметкерлерлер болғанын растаған. Яғни, жоспардан тыс жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижелерімен екі қызметкерден сальмонелла, үш қызметкерден стафилакокк инфекциясының  қоздырғыштары табылған.

 

Соңғы жаңалықтар