Шымкенттегі бүлдіршін қайтыс болған балабақша уақытша жабылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі бүлдіршін қайтыс болған балабақша уақытша жабылды. «Маленький принц» жекеменшік бақшасы кешеден бері бала қабылдап жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Ал балабақшада тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Қайтыс болған бүлдіршіннің мәйіті сот-медициналық сараптамадан өткізілуде екен. Соның қортындысына сәйкес баланың не себепті көз жұмғаны анықталады.
Еске салайық, күні кеше қаладағы балабақшалардың бірінде бүлдіршін қайтыс болған еді. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің сөзінше 2 жас 8 айлық ер бала түс кезінде төсегіне жатып ұйықтап, содан оянбаған. Қайғылы жағдай орын алған соң балабақша қызметкерлері оқиға орнынан жедел жәрдем қызметі мен поцейлерді, баланың ата-анасын шақыртқан еді.