Шымкенттегі дендросаябақтың жасыл желегін қалпына келтіру үшін 1 млрд теңге жұмсалады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде дендросаябақтың жасыл желегі неге қурап қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттегі дендросаябақтың жасыл желегін қалпына келтіру үшін 1 млрд теңге жұмсалады

Брифинг кезінде журналист әйгілі дендросаябақтың неге қиын жағдайға түскенін сұрады.

«Біріншіден, дендросаябақ ерекше қорғалатын аумақта тұр. Оны ешкім сатқалы жатқан жоқ. Жуықта оның аумағынан беріліп кеткен 0,3 гектар жер телімін қайтардық», - деді Мұрат Әйтенов.

Айтуынша, саябақтың жасыл желегін бұған дейін сырттан су тасып суарып келген.

«Дендросаябақ жыл сайын дамып келеді. Ең бастысы ол жерде суару жүйесі болмаған. Соның кесірінен саябақ қазіргі күйге түсіп отыр. Биыл жобалау-сметалық құжаттарын дайындап, суару жүйесіне 1 миллиард теңгеден астам ақша бөлдік. Онсыз мәселені шешу мүмкін емес. Қазір саябақтың топырағын зерттеп жатырмыз. Шымкенттіктердің көбі біледі. Дендросаябақ бұрынғы қоқыс полигонының орнында орналасқан», - деді әкім.