Шымкенттегі көпқабатты үйлерде өзін-өзі басқару жүйесі енгізіледі
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі жаңадан салынып жатқан арендалы көпқабатты үйлерді жаңа кәсіпорын өз бақылауына алмақ. Бұл туралы қала әкімдігінің халықтық кеңсесінде өткен семинарда «Шымкент тұрғын үй қызмет» ЖШС-нің директоры Әбдімалік Балбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған семинарда кондоминиум нысанын басқарудағы ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық және энергия сақтау аспектілері, сонымен бірге көп пәтерлі тұрғын үйлерде интелектуалды басқару жүйесін қолдану мәселелері сөз болды. Осы жиында серіктестік директоры алдағы уақытта қала әкімдігі мен тұрғын үй иелері арасында үшжақты келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Бүгінде шаһардағы төрт ауданнан 21 көппәтерлі үйде пилоттық жоба қолға алынған. Әбдімалік Балбаевтың сөзінше, оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Ал кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері 1 шаршы метрден 20 теңге 67 тиынды құрайды. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері де қарастырылған. Ай сайынғы коммуналдық төлемге қосымша төленетін бұл қаражатты тұрғындар қала әкімнің тұрғын үй қатынастары бөлімінің сайтынан бақылап отыра алады. Бұл жоба көпқабатты үйлерді басқару жүйесін оңтайландырудың 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Басты мақсат - шаһардағы көпқабатты пәтерлердегі өзекті мәселелерінің шешімін табу.
Бағдарламаға сәйкес, қазіргі таңда көпқабатты үйлердің өзін-өзі басқару жобасы ұсынылуда. Әр көпқабатты үйдің тұрғындары үй иелерінің бірлестігін құрып, үй төрағасын сайлай отырып, үйді басқарушы компанияны таңдауға құқылы. Жаңа жүйе бойынша әрбір пәтер иелерінің бірлестігі тарапынан жеке шот ашылуы тиіс. Ондағы атқарылатын, үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру басқарушы компания жүзеге асырады. Айта кетейік, қазіргі таңда мұндай тәжірибе еліміздегі Астана мен Алматы қалаларында сәтті жүзеге асуда.