Шымкенттегі қорғасын зауытының 210 метрлік мұржасы құлатылды
Қалалық Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, мұржаның түбін қопару жұмыстары төрт тәулік бойы жүргізілген. Оны тендерден жеңіп алған компания жүзеге асырған. Темірбетоннан жасалған мұржаның диаметрі 17,5 м, қабырғаның қалыңдығы 80 см құрайды. Мұржаның құлаған көрінісі әлеуметтік желілерге тарап кетті.
«Мұржаны бұзу жұмыстарын жүргізу барысы Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісовтің және оның орынбасары Мадияр Жақсыбаевтың басшылығымен өтті. Оқиға орнында оқыс жағдай болған жоқ. Жақын орналасқан елді мекендерге зиян келмеген», - делінген ТЖД хабарламасында.
Дегенмен, сол маңдағы тұрғындар ауыр соққыдан үйлерінде қабырғалары жарылғанын айтуда. Тағы бір дүкеннің қожайыны БАҚ өкілдеріне сауда орнының терезесінің шытынағанын айтып, шағымданған.
Айта кетейік, қорғасын зауытының аумағында орналасқан мұржаны белгісіз тұлғалар қопарып, құлатуға шақ қалдырған болатын. Олар мұржаның төменгі жағындағы темір металды алу үшін бұзған. Салдарынан ескі мұржа апатты жағдайға жетіп, сол аумақтағы адамдардың өмірі мен денсаулығына, жақын орналасқан үйлер мен нысандарға қауіп төндірген болатын.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі қорғасын зауыты аумағында құлауға шақ қалған ескі мұнара мен теміржолдың үстіндегі көпір бұзылатындығы туралы хабарлаған болатынбыз.