Шымкенттегі мектептердің бірінде оқушыны ұрып жатқан сәт желіге тарап кетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте мектеп оқушылары 17 жастағы жасөспірімді ұрып-соғып, оны «Вконтакте» әлеуметтік желіге салып жіберген. Қазір оқиғаға қатысы бар деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шымкенттегі мектептердің бірінде оқушыны ұрып жатқан сәт желіге тарап кетті

Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне мектеп оқушысының анасы арызданған. Ол 17 жастағы ұлын белгісіз біреулер ұрып, бейнематериалды әлеуметтік желіге салғандығын айтқан. Осыдан кейін жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары ізін суытпай қаладағы мектептердің бірінің 2000 жылы туған оқушысын ұстады. Сезіктіден айғақты зат ретінде бейнетүсірілім алынған.

Қазіргі таңда оған қатысты Қылмыстық кодекстің 293 бабы «Бұзақылық» пен 147 бабы «Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, тәртіп сақшыларының қолына түскен күдіктінің өзге сыбайластары іздестірілуде. Полицейлер сондай-ақ келеңсіз жәйттің не себепті орын алғанын да анықтауда.