Шымкенттегі теміржол вокзалы облысқа қайтарылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі теміржол вокзалы облыстың балансына қайтарылады. Облыстағы туризм индустриясын дамыту мәселесін тақылаған жиында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев осылай деді.

 Шымкенттегі теміржол вокзалы облысқа қайтарылады

Туризмді дамыту үшін алдымен, теміржол тасымалы мен әуе қатынасын қалыпқа келтіру керектігін алға тартқан әкім қазір бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Біз қазір теміржол вокзалын өзімізге алуға мінекей хат жазып, келісімін алдық. Өзіміз жөндей береміз. Ал, енді әуежайымыз ол жекешелендіруге қойылған. Қазір ҚТЖ-на қарап тұр. Соған байланысты толық игерілмей жатыр», - деді Жансейіт Түймебаев.

Жиында сондай-ақ ол сала мамандары  өңірдегі барлық тарихи орындар мен туристік аймақтардың арнайы кестесі белгіленетінін атап өтті. Бұдан бөлек, туризм саласын дамытуға орай арнайы бас жоспар бекітіледі. Оған сәйкес, Шымкентті де туризм орталығына айналдыру жоспарланған. Бұл үшін ескі қала аумағын ретке келтіру маңызды. Бұл ретте әкім көне шаһардың бүгінгі келбеті мен сәулеті талапқа сай емес деп сынға алды. 

«Шымкент қаласын тарихи қала деп айтамыз. Бірақ тарихи  көрсететін жеріміз жоқ. Қошқар ата мавзолейін қалпына келтіруіміз керек. Осының негізінде туризмді дамыту үшін бас жоспар бекітілуі керек», - деді облыс әкімі.

Ал, осы салаға жауапты басқарма басшылығы туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Мамандардың сөзінше, өңірдегі барлық тарихи орындар түгенделіп, олардың жағдайы бақылауға алынған. Дегенмен, көпшілік жиі  ат ізін салатын орындар  бүгінде  тозығы жетіп тұр. Жөндеуді қажет етеді. Алдағы халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесі қарсаңында, туризм саласына қатысты жұмысты жеделдету қажет.