Шымкенттегі жаңадан құрылатын ауданға «Тұран» атауы берілмек

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында бесінші ауданға атау беру мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алдын ала өткізілген қоғамдық тыңдауда жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер түскен. Ал, көпшілік «Тұран» атауын қолдаған.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Г.Мауленкұловтың айтуынша жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілген.

Сессия отырысында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады.

Маңызды тарихи шешім қабылданғанын айтып өткен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бесінші аудан құру – уақыт талабы екенін жеткізді.

«Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар, 2022 жылға арналған қала бюджеті нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды,- деді М.Әйтенов.

Айта кетейік, жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1 175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар