Шымкенттегі ЖОО-да білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері талқыланды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоғамда сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесін күшейтіп, сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажеттігін атап өткен болатын. Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясында білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою және осы бағытта жастарды белсенді жұмылдыру мақсатында «Адалдық сағаты» ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттегі ЖОО-да білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері талқыланды

Дәріске университеттің 200-ге жуық студенті қатысып, аталған тақырыпта өз ойларымен бөлісті. Шараға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев пен «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев қатысып, студенттерге парасаттылық құндылықтары мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы жастардың рөлі бойынша дәріс оқыды.

Департамент басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою және осы бағытта жастарды белсенді жұмылдыру мақсатында жоғары оқу орындары мен колледждерде «Sanaly Urpaq», ал мектептерде «Адал ұрпақ» жобалары жүзеге асырылуда. «Жастайымыздан біз адал және әділ болуға, әрқашан жаңашылдықтарға ұмтылып, дамуға тиістіміз. Ұлы жазушы, ақын Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озады» - деген сөздерін ешқашан ұмытпауымыз қажет» - деп атап өтті Т. Серікбаев. «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев Жобалық кеңсенің жұмысымен студенттерді таныстырып, жақында қолға алынған «Ашық микрофон» жобасына қатысып, өздерін мазалаған сұрақтарға мемлекеттік органдардың өкілдерінен нақты жауап алуға болатындығын жеткізді. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу және жас ұрпақты жақсылыққа, парасаттылыққа үндеу, мұқтаж жандар мен көмек қолын созғысы келетіндердің арасын жалғау мақсатында жүзеге асырылып отырған «Ізгілік елшісі» жобасы қолға алынғандығы айтылып, Университет студенттері белсенділік танытуға шақырылды.