Шымкенттегі жылыжайлардың жалпы көлемі 183,5 гектарға жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкентте ағымдағы жылы 14 га жерге жылыжай іске қосылған. Бұл туралы республикалық БАҚ өкілдеріне қала әкімі Ерлан Айтаханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттегі жылыжайлардың  жалпы көлемі 183,5 гектарға жетті

Шаһар басшысының айтуынша, ағымдағы жылы қаладағы жылыжайлардың жалпы көлемі 183,5 га құраған. Сондай-ақ, 145 га жерге қарқынды бау егіліп, жалпы көлемі 708 га жеткен.

«Ауылшаруашылық кәсіпкерлерін қолдау мақсатында 2,9 млрд теңгеге субсидиялар берілді. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Агроиндустриалды аймақ» ашу жұмыстары басталды. Аумағы 136 га құрайды. Аталған аймақта құны 109 млрд теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырырылып, 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашу көзделуде. Маусымдық кезде 3 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде»,- дейді Ерлан Айтаханов.

Қала әкімінің сөзінше, келесі жылы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын аумағы 152 га жерге қарқынды алма бағы отырғызылады. Және құны 7 млрд теңгеге 30 га жерге өндірістік жылыжай салынады деп жоспарланып отыр.