Шымкенттегі зообақтың алдына жолбарыстың мүсіні орнатылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Барыс жылының құрметіне орай Шымкенттегі зообақтың алдына жолбарыстың мүсіні орнатылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зообақ қызметкерлері мүсінді құрылыста қолданатын кәдуелгі сыммен құрастырған. Сыртын арнайы материалдармен қаптап, «белюр» матамен түсін келтірген. Содан түнде жарық беріп тұратын әшекейлерді жабыстырыпты. Жолбарыстың ұзындығы 5 метр, ал биіктігі 2,5 метрді құрайды. Мүсінді жасауға жалпы 120 келі сым кеткен.
«Туынды Зообақ директоры Нұрғазы Бұхарбаевтың бастамасымен жасалды. Жоба бойынша 6 қызметкер жұмыс істедік. Ерлер құрылымын құрастырсақ, қыз келіншектер матасын тікті. Қазір жолбарыс қалаға сән беріп тұр», - дейді Зообақ суретшісі Талғат Палымбетов.


