Шымкенттен шыққан голливудтық режиссер Қазақстанда кино түсіруде
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттен шыққан голливудтық режиссер Еркен Ялгашев туған жеріне келіп, кино түсіруде. Оның сөзінше «Красавчик» атты криминалды драманың түсірілімі басталып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Режиссердің жоспарына сәйкес, жаңа туындының басым бөлігі Алматы қаласында түсіріледі. Қалған 30 пайызға жуық түсірілімдер Лос-Анджелес пен Мәскеу қалаларында жалғасады.
«Жаңаша үлгіде жарық көретін картинада Алматы қаласындағы тыныс-тіршілік, ондағы көпшілік біле бермейтін жағдайлар көрініс табады. Арасында махаббат желісі де бар. Жалпылама айтқанда қаланың шынайы көрінісі көрсетіледі. Ал, басты рөлдерді отандық актерлар сомдайды. Өзге кейіпкерлердің рөлдерін ресейлік және батыстың кино жұлдыздары сомдайды», - дейді режиссер.