Шымкенттік депутаттар көпқабатты 42 үйді қайта жөндеуді шешті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Биыл Шымкентте көпқабатты 42 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Шымкенттік депутаттар көпқабатты 42 үйді қайта жөндеуді шешті

Шымкент қалалық мәслихатының кезекті отырысында 19 мәселені қараған депутаттар ескі үйлерді жаңарту шешімін қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Сессия барысында қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов «Өңiрлерді дамыту-2020» бағдарламасының орындалу барысын сөз етіп,  тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есебіне тоқталды. Ол тозығы жеткен көпқабатты үйлерге көңіл бөліп, жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінетінін атап өтті.

«Өңiрлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде 2011-2016 жылдар аралығында 110 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, оған 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл тағы 42 үйде жөндеу жұмыстары жасалады, - деді Б. Жанбосынов.

Депутаттар бас қосқан жиында сондай-ақ қаладағы қоғамдық көлік саласының өзекті мәселелері қозғалды. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың айтуынша, Ынтымақ, Қазығұрт, Мирас, Текесу, Бадам-2, Айнатас, Жаңаталап, Ақжар, Ақтас, Өтеміс, Абдулабад, Достық-2, Асар-2 шағынаудандарында қоғамдық көлік бағыттарының жұмысын ұйымдастыруда қиындықтар туындаған.

«Сол себепті, аталған шағынаудандарға баратын әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының жұмысын ұйымдастыру мақсатында «Шымкент bus» ЖШС-мен бірлесіп,  әлеуметтік маңызы бар 10 бағыттың қозғалыс сызбалары дайындалып, бекітілді. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарды айқындау жұмыстары аяқталған соң «Шымкент bus» ЖШС-ге жаңа автобустар алып беру жоспарлануда»,-деді Қ.Нұртай.

Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелерге мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау танытты.